2022 жылы отандық жеңіл өнеркәсібі 6,9%-ға өсті

2022 жылы отандық жеңіл өнеркәсібі 6,9%-ға өсті

389 Арман

Өнеркәсіп – ұлттық экономиканың күретамырына айналған маңызды сектор. Себебі мұнда пайдалы қазба мен басқа да табиғи шикізатты өндіруден бастап, өңдеуге машықтанған әрі халыққа алуан түрлі тауарлар шығарып, ұсынатын кәсіпорындардың қызметі жолға қойылған, деп хабарлайды DKNews.kz.

2022 жылдың қаңтар-қараша аралығында өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2021 жылдағы кезеңмен салыстырғанда 101,4%-ға жетті. Бұл өсім өңдеу (4,2%), металлургия (3,9%), машина жасау (8,9%) жеңіл өнеркәсіп (6,9%), сондай-ақ түсті металл кендерін өндіру саласындағы (5,9%) өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен байқалып отыр. Сонымен бірге тау-кен өнеркәсібіндегі көрсеткіш 0,9%-ға төмендеген.

Былтыр ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өнеркәсіптегі цифрлы технологияларды енгізуге байланысты ынталандырудың тың тетіктерін енгізіп, бұл өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізуі тиіс.

Өнеркәсіпке мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну қағидаларына сәйкес шығындарды өтеу Индустрия 4.0 технологияларын енгізуге және автоматтандырылған басқару жүйелерін әзірлеуге немесе қолданысқа енгізуге (оның ішінде лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға) беріледі. Қазір 6 өнеркәсіптік кәсіпорын IT-шешімдерге жұмсалған шығындардың орнын толтыра алды.

Сонымен қатар министрлік сатып алынатын жабдық құнының 50% (750 млн теңгеден аспайтын) мөлшеріне дейін технологиялық жабдықты жаңғыртуға арналған өнеркәсіптік грантты ұсыну арқылы өндіріс орындарын қолдауды жалғастырып келеді. 2023 жылы республикалық бюджеттен аталған грантты ұсынуға 1,6 млрд теңге қарастырылған.

Бұған қоса ҚР ИИДМ өнеркәсіпті қолдаудың қосымша шаралары ретінде 2023 жылда бірқатар іс-шараны өткізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде АММ-2023 (Халықаралық тау-кен металлургия конгресі) форумы мен шетелдік делегаттардың қатысуымен Қазақстанның машина жасаушыларының XI форумын өткізу бар.

Astana Mining & Metallurgy – тау-кен индустриясындағы ауқымды іс-шаралардың бірі саналады. Оның диалог алаңында B2B және G2B форматында жер қойнауын игерумен айналысатын ірі компаниялар мен Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының өкілдері кездесіп, салалық көрме, нетворкинг және «Алтын Гефест» салалық байқауы өткізіледі. Жыл сайын ұйымдастырылатын Astana Mining & Metallurgy конгресі салааралық инвестициялық байланысты кеңейтуге, жаңа келісімшарттар жасауға және заманауи сын-қатерлерге бірлескен шешімдерді әзірлеуге әсерін тигізуде.

Ал Қазақстан машина жасаушылар форумының маңыздылығы сол, мұнда автокөлік өндірісінен бөлек, сонымен қатар еліміздің өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиясы қалыптастырылып, салалық кәсіпорындарды арзан бағадағы шикізатпен қамтамасыз етудің және жергілікті қамтуды дамытудың жаңа тетіктері қарастырылып келеді.

Бұдан басқа биыл қазақстандық кәсіпорындардың еліміздің аумағы мен Ресей Федерациясы және Өзбекстанда өткізілетін «ИННОПРОМ» көрмесі аясындағы түрлі ауқымды іс-шараларға қатысуы жоспарланған.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика