Қоғамдық кеңестер қаншалықты маңызды жұмыс атқарып жатыр?

Қоғамдық кеңес қоғам игілігі үшін жұмыс істеуі керек деп ойлайды депутат Жамбыл Ахметбеков. Оған қоса, ол осы кеңестердің жұмысындағы кемшіліктерді қозғады. ⠀Сонымен қатар, депутат әр өңірдегі «Рухани жаңғыру» орталықтарының пайдасыз ұйымдардың қатарына кіргенін айтты.



– Қоғамдық кеңес қызметінің мақсаты қоғамдық маңызды мәселелер бойынша азаматтық қоғамның пікірін білдіру болып табылады. Қоғамдық кеңеске мемлекет пен халық арасында диалог алаңын қалыптастыру міндеті жүктелген, – деді Жамбыл Ахметбеков.⠀

Оның айтуынша, Қоғамдық кеңес өз міндетін тиісінше атқара алмай отыр.⠀

– Министрлік немесе әкімдік жанындағы Қоғамдық кеңестер қаңтар оқиғасы кезінде наразылық білдірушілермен тілдесті ме, олардың мәселесіне ортақтасты ма деген сұрақ туындайды, – деді мәжілісмен.⠀

Қазіргі уақытта жергілікті және республикалық деңгейде 251 Қоғамдық кеңес жұмыс істеп тұр. Алайда министрліктердің жанындағы республикалық Қоғамдық кеңес әлеуметтік желіде де белсенді бола алмай отыр.⠀

– Елдегі соңғы оқиғалар бүгінгі таңда Қоғамдық кеңестер тек формальды функцияға ие екенін көрсетті. Бұл жағдайды шұғыл өзгерту қажет. Қоғамдық кеңес қызметіне нақты министрліктердің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылының тиімді алаңын ұйымдастыруға көмектесетін, билік органдары жұмысының ерекшелігін түсінетін, белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдарды тарту керек, – деп санайды ҚХП парламенттік фракциясының депутаттары.⠀

Еліміздің әр облысындағы «Рухани жаңғыру» орталықтары да пайдасыз ұйымдардың қатарында. Бұл бағдарлама 2017 жылы бастау алды, ол қазақстандықтардың рухани құндылығын жандандыруға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, білімге ұмтылуды қолдауға бағытталды. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен ондаған миллиард теңге қарастырылды.⠀

– Алайда игі іске бағытталған бағдарлама аясында бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсала бастады. Атқарылған жұмыстар тек әкімдікке қатысты шаралардың деңгейінен аспай қалды, – деді Жамбыл Ахметбеков.⠀Ахметбеков азаматтық қоғам белсенділермен тығыз араласу, артық бағдарламалық шығындарды қысқарту, мемлекеттік грант тағайындау мен сыйақы беру реформасын жүргізуді ұсынады. Сондай-ақ отандық РҚБ-мен жұмыс форматын өзгерту, тәуелсіз ҮЕҰ-мен ынтымақтастық орнату, ақпараттық саясатты күшейту және кәсіби отандық интернет-контентті құру бастамасын ілгерілету қажет деп санайды.⠀

Яндекс.Метрика