Қазақстанға тағы бір төтенше жағдай төніп тұр ма?

Елімізде жыл сайын болатын су тасқыны көпшілікті мазалауда. Бұған дейін одан көптеген адам зардап шеккен болатын, депутат Айжан Сқақованың пікірінше осы жылы мұндай жағдайда тап болмас үшін, төтенше жағдайдың алдын алу қажет.⠀



Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтің ақпаратына сәйкес, халық саны 270 мыңнан асатын 276 елдімекенге су басу қаупі төніп тұр, деп хабарлайды ҚХП баспасөз қызметі.⠀

Көктемгі-су тасқыны жұмысына дайындыққа өңірлердегі әкімдіктерге 36,6 млрд теңге бөлінді, бұл қаржы апаттан қорғаудың барлық жолдарын қарастыруға дұрыс жұмсалуға тиісті . «Қазгидромет» РМК Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында су тасқыны болуы мүмкін деген болжам жасады.⠀

Айжан Сқақова Ұлттық статистика бюросы су басу қаупіне қатысты статистикалық ақпарат жинамайтынына назар аударды.⠀
Оның сөзінше, су тасқынына антропогендік факторлар, нақтылайтын болсақ, гидротехникалық құрылыс тікелей әсер етеді. Олардың көпшілігінің құқық белгілейтін құжаты жоқ, ал 653 гидротехникалық құрылғының 268-ін шұғыл жөндеу қажет.⠀

– Қазақстанда әлі күнге дейін гидротехникалық құрылғының қауіпсіздігі туралы жеке заң жоқ, – деді депутат.⠀

Екінші антропогендік фактор – ауылдардың, өндіріс орындарының немесе басқа нысандардың өзендерге жақын орналасуы.⠀

– Бұл жерде «Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу ережесін» қайта қарау қажеттігі туындайды. Бұл аймақтар мен жолақтар экологиялық міндеттерге байланысты ғана ерекшеленеді. Негізі ТЖ саласындағы міндеттер де ескерілуге тиіс. Қауіпсіздік мақсатында өзеннің айналасындағы құрылысқа тыйым салынуы керек. Жер телімін сатып алу-сату кезінде адамдарды осы мәселеге назар аударту үшін заңмен тыйым салу қажет, – деді Айжан Сқақова.⠀

Бұған қоса ТЖ бойынша статистикалық дерек жинауды жолға қою, «Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу қағидаларын» қайта қарау, «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» заң қабылдау, мемлекеттік органдардың бұзушылықтарын және олардың су қорғау аймақтары аумағындағы құрылысқа жауапкершілігін қадағалау, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне және оларды апатсыз пайдалануға жауап беретін мемлекеттік органды айқындау қажет деп ойын айтты депутат.

Яндекс.Метрика