Ақмолалық құтқарушылар түні бойы боранда жоғалып кеткен балықшыны іздеді

Ақмола облысында өткен демалыс күндері қиын метеорологиялық жағдай қалыптасып, облыс аудандарында боран болды. Алайда, үш дос Есіл ауданындағы алдағы боран туралы смс ескертуді елемей, балық аулауға баруды шешкен, – деп хабарлайды Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Түнге таман балықшылардың бірі автокөлікке оралған кезде достарынан қалып қойып, «Соленная балка» бөгетінің маңында жоғалып кетті. Балықшылар достарын өз бетінше іздеуге тырысқанмен, сәтсіз әрекеттерден кейін құтқарушыларға қоңырау шалған.

Құтқарушылар полицейлермен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп іздестіру орнында штаб ұйымдастырып түні бойы ер адамды іздеді, балықшымен ұялы байланыс болған жоқ.

«Ағымдағы жылғы 16 қаңтарда сағат 22-де құтқарушыларға көмек қажеттігі туралы қоңырау келіп түсті, біз дереу іздеуге шықтық. Таңертең балықшы іздеу тобының алдынан шықты. Белгілі болғандай, ол бағдарын жоғалтқаннан кейін, боранда жүрмеу туралы шешім қабылдаған, түнде жиналған шатырын қар жауып тастағандықтан, құтқарушылар оны түнде таба алмаған. Ер адам жедел жәрдем көлігіне тапсырылды, оның жағдайы қанағаттанарлық», – деді Есіл ауданы ТЖ бөлімінің бастығы Ержан Қаппасов.

Балықшы – Петр Николаев таңертең жарқылдаған маяктарды көріп, алдарынан шыққанын айтты. – «Менің іздестіруді жүргізген құтқарушыларға алғысымды білдіргім келеді».
Айта кетейік, қысқы кезең басталғаннан бері Департамент бөлімшелерінің күшімен қар құрсауынан 50-ден астам адам құтқарылды, оның ішінде 10 бала, облыс трассаларынан 200-ден астам адам эвакуацияланды. Көлік жүретін бөліктің тазартылған учаскесіне 20-дан астам автокөлік сүйрелді. Зардап шеккендер мен қаза болғандар тіркелген жоқ.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі

Яндекс.Метрика