Ақмола облысында эпидемиологиялық жағдай нашарлай түсуде. Ұйым қызметкерлерінің 70 пайызы қашықтықтан жұмыс форматына көшті. Осыған қарамастан, бірқатар карантиндік жеңілдетулер бар. Олар туралы облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина айтты, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қабылданған жеңілдіктерге сәйкес, карантин мерзімі және «Ashyq» мәртебесінің өзгеруі қайта қаралды.
«Жақын байланыста болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 14 күннен 10 күнге дейін қысқартылды. 7-ші тәулікте ПТР-зерттеудің теріс нәтижесі болған кезде карантин аяқталады. Егер ПТР-тест 7-ші тәулікке тапсырылмаса, онда карантин қосымша тест тапсырмай 10-шы күні аяқталады», — деді Айнагүл Мусина.
Сондай-ақ, студенттер мен мектеп оқушыларын оқытудың мынадай форматтары айқындалды.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда – ата-аналардың өтініштері бойынша штаттық форматта. «Қызыл аймақ» жанындағы жалпы білім беретін мектептерде бастауыш 1-4 сыныптар 600 оқушыны қоса алғандағы мектеп сияқты штаттық режимде оқуын жалғастырады», — деп нақтылады бас санитарлық дәрігер.
Бұл ретте 600-ден астам оқушы толтырылатын мектептер мектептердің жобалық қуатының 50% — ынан аспайтын жүктемемен штаттық форматта жұмыс істейтін болады.
«Жоғары оқу орындары мен колледждерде («қызыл аймақ») аралас форматта – практикалық, зертханалық, семинарлық сабақтар, икемді кесте бойынша штаттық режимдегі өндірістік практика, онлайн дәрістер. Толық вакцинация курсын алған оқушыларды білім беру ұйымы әкімшілігінің қалауы бойынша штаттық форматта оқытуға рұқсат етіледі», — деп толықтырды өңірдің бас санитарлық дәрігері.
6000 шаршы метрге дейінгі сауда азық-түлік желілеріне шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
«Бүгінде жұқтырғандардың санын азайту үшін байланыстарды шектеу маңызды. Коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алмаған адамдарға вакцинациялау қажет. Өз денсаулығыңыз бен айналаңыздағылардың денсаулығы үшін жауапты болуыңызды сұраймын. Өзін — өзі емдеумен айналыспау және дер кезінде медициналық көмекке жүгіну», — деп қорытындылады Айнагүл Мусина.