27-28 қаңтар аралығында 9-11 сынып оқушылары арасында қазақ тілі мен әдебиетінен «Абайтану» IV Республикалық олимпиадасының облыстық кезеңін онлайн түрде өткізді.
Іс-шараны Ақмола облысы білім басқармасының «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығы ұйымдастырды.
Олимпиаданың негізгі мақсаты — Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алып, өмірде қолдана алуға бағыттау, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Олимпиадаға 10 ауданнан, Көкшетау және Степногорск қалаларынан, сондай-ақ Степногорск қаласы, дарынды балаларға арналған № 4 облыстық мамандандырылған «Болашақ» мектеп-интернатынан, және Щучинск қаласының «Білім-инновация» ІТ лицей-интернатынан 30 оқушы қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтыунша, олимпиада екі кезеңде өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар эссе жазды, екінші кезеңде қатысушылар Абай Құнанбаевтың шығармалары, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының мазмұны бойынша сұрақтарға жауап берді.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар I, II,III дәрежелі дипломдармен, грамоталармен марапатталды. Іс-шара барысында Ақкөл, Целиноград, Аршалы аудандары, Көкшетау қаласы және т. б. мектептердің балалары жақсы нәтижелер көрсетті.
І және ІІ дәрежелі диплом иегерлері IV «Абайтану» олимпиадасының республикалық кезеңінде Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.
Біздің жүлдегерлерді, Абай Құнанбаев шығармашылығының жас әдебиеттанушыларын лайықты марапаттармен құттықтаймыз, оларға табыс тілейміз!