Көкшетаулық оқушы Елдар Ерназаров мұқтаж жандарға арналған қол протезі моделінің жобасын жасады. Жас өнертапқыш жасаған қол протезінің өзгелерден ерекшелігі-құрылымы жаңартылған және қолжетімді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жақсартуды мақсат еткен жас дарын алдағы уақытта да бұл саланы дамытуға үлес қоспақшы.
Елдар Ерназаров Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы. Тағдырдың тауқыметін арқалап, аяқ астынан біреудің көмегіне мұқтаж болып қалған жандардың өмірі оны әркез ойландырған. Сондықтан да, Елдар мұқтаж жандарға арналған қол протезі моделінің жобасын жасауға бірнеше жылын жұмсапты.
Елдар қол протезі моделінің жобасын жасау кезінде қоршаған ортаның температурасын және импульсты өлшеу үшін саусақ ұштарында орнатылған датчиктері бар жаңа жетілдірілген моделді ұсынып отыр. Мұндай құрылғы мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік бермек.
Жақында Елдардың аталмыш жобасы авторлық құқыққа ие болды. Ол қазіргі уақытта өз білімін жетілдіріп, осы салада әрі қарай жұмыс істеуді көздеп отыр.