Көкшетау жоғары техникалық колледжінің студенттері мен оқытушылары «Игі істер автобусы» акциясы аясында қан тапсырды. Таңертеңнен бастап 30-ға жуық оқытушы кезеккке тұрып, игі іс жасауға асықты. Жыл озған сайын іс-шараға қатысушылардың қатары көбейіп келеді.
Колледждің медициналық кабинеті бір мезетте қан құю станциясына айнала кетті. Қан тапсырушылар алдымен дәрігердің тексеруінен өтуге кезекке тұрды. Оқу орнының оқытушыларымен қатар студенттер де игі істен қалыс қалған жоқ. Олардың кейбірі алғаш рет қан тапсырды. Осындай игі шара арқылы біз өмір мен өлім арасында арпалысып жатқандарға аз да болса көмек көрсетеміз, — дейді олар.
Дәрігерлердің дерегіне сүйенсек, теріс резусты қан тобы бар адамдар өте тапшы. 100 адамның 3-уінде ғана кездеседі. Сондықтан мұндай жандар қан орталығының тарапынан айырықша назарға алынған. Десе де бүгінгі күні облыс бойынша қан тапшылығы жоқ. Бірақ, қор күнделікті жаңартылып тұруы қажет-дейді дәрігерлер.
Оқытушылар мен студенттер қан қорын толтырып, науқастарға көмек қолын созу үшін әрқашан дайын екендерін жеткізді. Мұндай игі іс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.