Ақмола облысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Ыстанбұл қаласында өткен қазақтардың «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» кіші құрылтайында «Ордалы Елге 30 жыл» мұражайларының көрмесін ұсынды, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Кіші құрылтайды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп «Отандастар қоры» ұйымдастырды.
Іс-шараға Түркия мен Еуропа елдерінен қазақ қауымдарының 100-ден астам өкілдері, Қазақстанның мәдениет мекемелері мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Кіші құрылтай бағдарламасы көптеген мәдени-ағарту іс-шараларын қамтыды.
Ауқымды шара аясында Ақмола облысының мұражайларынан түрлі экспонаттар көрмесі ұсынылды.
«Бұл жауапты әрі маңызды міндет Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен жүзеге асырылды. Еліміздің Тәуелсіздік мерейтойына арналған және қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен тұрмысын бейнелейтін көрме әлемнің түрлі елдерінен келген отандастарымыздың көңіл — күйін көтерді», — деп хабарлады облыстың мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы.
Сондай-ақ, іс-шараға қатысқан Қазақстан Республикасының Ыстанбұлдағы бас консулы Әлім Байел мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ақмолалықтарға осы көрмені ұйымдастырғаны үшін зор алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, құрылтайдың қорытындысы бойынша Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай отандастарымыздың Үндеуі қабылданды. Бірқатар қатысушылар «Кіші құрылтай» төсбелгісімен марапатталды.