Вторник, 05 ноября 2019 11:58

Жастар - оң үдерістердің жетекші күші

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(1 Голосовать)

Қазіргі уақытта елімізде жастарды қолдап, олардың әлеуетін жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл тренд мемлекеттік қызметте де кең таралған. Мысалы, бүгін Ақмола облысының мемлекеттік органдарындағы мемлекеттік қызметшілердің төрттен бір бөлігін жастар құрайды. Олар  мемлекеттік басқарудың әр саласында біліктіліктеріне сай қызмет етуде. Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтің сапалық құрамындағы жас мамандар үлесінің тұрақтылығы мемлекеттік аппараттағы кадрлар сабақтастығын көрсетеді.

Жыл басынан бері мемлекеттік қызметке орналасуға өткізілген жалпы конкурстардың нәтижесінде қызметке тағайындалғандардың  44,6%-ы  29 жасқа дейінгі азаматтар құрап отыр.  Сондай-ақ, мемлекеттік органның қызметшілері арасында өткізілген ішкі конкурстардың нәтижесінде жоғары тұрған лауазымға тағайындалғандардың 35%-ы, барлық мемлекеттік органдардың қызметшілері арасында өткізілген ішкі конкурстардың қорытындысы бойынша тағайындалғандардың 61%-ы жастар.

Бүгінгі күні облыс бойынша басшы лауазымдарда қызмет атқарып отырған жастар да бар. Олар  аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының басшысы, селолық округтің әкімі, олардың орынбасарлары,  аудандық, қалалық атқарушы мемлекеттік органдардың басшысы, құрылымдық бөлімше басшысы лауазымдарында жұмыс істеуде.  

Жас мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы да жылдан жылға  арта түсуде. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен жас мемлекеттік қызметшілердің саны екі есеге өскен. Бұл жастардың оқуға, білімге деген құштарлығының артқандығы мен ертеңіне деген сенімін көрсетеді. Облыста мемлекеттік қызметшілердің 15%-ы екі не одан көп жоғары білімдері барлар. Соның ішінде 106 магистр мен 105 шет елдік жоғары білімді мамандар қызмет етеді.

Жастар жылы аясында олар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында  Департаменттің ұйымдастыруымен өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждерінде халыққа қызмет көрсететін студенттік орталықтар, өзіне-өзі қызмет көрсетудің «E-gov» бұрыштары жұмыс істеуде. Сонымен қоса, студенттер үшін мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Жыл басынан бері мұнда 5 мыңнан астам студент жастарға мемлекеттік қызмет көрсетілген. Бұдан басқа да жастардың қатысуымен әртүрлі форматтағы іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады.

2015 жылдан бастап ендірілген мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі өзінің тиімділігін көрсетті. Меритократия қағидатының сақталуы өз кезегінде мемлекеттік қызмет жүйесінен басқа салаға кеткендердің санын едеуір қысқаруына себеп болды. Мемлекеттік қызмет кадрларының жай-күйіне жүргізілген талдау қызметке жаңа келген жас мамандар арасында жұмыстан кеткендердің жоқ екендігін көрсетіп отыр. Бұл көрсеткішке мемлекеттік қызметте жас мамандар үшін жасалған жағдайлардың арқасында қол жеткізіліп отыр, атап айтатын болсақ, олар жастардың жұмысқа тез бейімделіп, үйренуі үшін мемлекеттік орган есебінен қайта даярлау курстарына жіберумен қатар тәжірибелі, ұжымда беделді, үйретуге, тәрбиелеуге бейімі бар қызметшілер арасынан тәлімгер бекіту сияқты шаралар.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Президенттік жастар кадр резервін жасақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде  білімді, бастамашыл, талантты, жаңашылдыққа бейім, адал, жаңа форматтағы болашақ басшылар құрамы жасақталмақ.  Қоғамның дамуын ілгерілететін жетекші күш жастар екендігі белгілі. Сондықтан қоғам жастарға үлкен үміт артады және олардың халықтың үмітін ақтайтындығына сенеді.

Берген Беспалинов,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 388 раз