Вторник, 14 июля 2020 14:00

Дағдарыстан бірлесіп қана шыға аламыз

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(0 голосов)

12 шілдеде еліміздің барлық аймағында Халықтық қолдау орталықтары ашылды. Игі іске Қазақстан Коммунистік Халық партиясы мен «Шапағат» халықтық жобасының өкілдері ұйытқы болды. Жоспар бойынша алғашқы кезеңде Халықтық қолдау орталықтары арқылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және тұрмысы төмен 8000 отбасыға көмек көрсетіледі.

Дағдарыс кезінде халықты қалай қолдау керек? Бұл сұраққа қазақстандық коммунистер нақты іспен жауап берді. Коронавирус пандемиясы әлеуметтік, экономикалық қиындықтарды ушықтырып жіберді. Алайда қазір қол қусырып, қарап отыратын кезең емес. Ел азаматтарын тығырықтан алып шығу үшін ҚКХП партия жанынан Халықтық қолдау орталықтарын құрып, оған өмірдің қиындығына тап болған адамдарға көмек көрсету міндетін жүктеді.

– Бұл бастамаға партияның барлық облыстық, қалалық комитеттері жұмылдырылды, – деді атап өтті ҚКХП Хатшысы, «Халық коммунистері»  фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров.

«Шапағат» халықтық жобасының жетекшісі Назгүл Мақжанның пікірінше, тұрмысы төмен отбасылардың қатарына бұған дейін тұрақты табыс тапқан отбасы мүшелері де қосылып жатыр. Себебі дағдарыс салдарынан отбасылардың асыраушылары жұмыссыз, жалақысыз қалған. Салдарынан өмір сүру сапасы құлдырап кеткен.

– Бұрын бізге азаматтар жұмысқа орналастыруға ықпал етуді сұрап хабарласатын. Қазір көбінесе азық-түлік сұрайды, – дейді Назгүл Мақжан.

– Біздің жаңа республикалық жобамыз мұқтаж жандардың басым бөлігін қамтуды көздейді. Біздің бастамамызға меценаттар мен қайырымды жандар қол ұшын созып жатыр. Біз айналамызда жанашыр жандардың көп екеніне көз жеткізіп отырмыз. Біздің жұмысымызға партияны қолдайтын, партияға сенетін жақтастар қосылып жатыр. Қаржыландыру партияның қаражатынан, Мәжіліс депутаттарының жарнасынан, жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылыққа ерікті түрде берген қаржысынан құралды. Елордалық бірнеше банктен және тұрғын үй кешендерінен дайын азық-түлік жиынтығы келіп түсті. Сөйтсек, тұрғын үй кешендерінің чаттарына біздің жоба жайлы ақпарат тараған. Соны оқыған тұрғындар қайырымдылық жасауға асыққан.

Елорда тұрғыны Бауыржан Мажитов Халықтық қолдау орталығына отбасымен келіп, қайырымдылық жасады .

– Біз бір-бірімізге мүмкіндігінше көмектесуіміз керек, – деді Бауыржан Мажитов. – Бізде азаматтық қоғамды сынайтындар көп. Біз барлығымыз сол қоғамның мүшесіміз, оны сынау емес, қолдау қажет. Өзімізді жақсы жағымыздан көрсетейік. Баршаңызды қазіргі қысылтаяң шақта мейірімді, қайырымды болуға шақырамын!

Айта кетейік, жобаға азық-түлікпен, тұрмыстық химиямен, жанар-жағармай талонымен, көлік қызметімен, қаржылай, біліммен және волонтер ретінде қолдау көрсетуге болады. Онлайн кеңес беру, азық-түлік сатып алуға бару, азық-түлік жиынтығын жасақтауға және мұқтаж жандарға жеткізіп беруге атсалысуға да болады.

– Атап көрсетерлігі, азық-түлік жиынтығы отандық өндірушілердің өнімінен жасақталған, – деді Айқын Қоңыров. – Осылайша коммунистер азық-түлікке мұқтаж жандарға ғана емес, отандық өндірушілер мен өңдеушілерге де қолдау көрсетеді.

Азық-түлік жиынтығын алған азаматтардың арасында Райхан есімді келіншек болды. Ол – көпбалалы ана. Жолдасы дағдарыстың кесірінен жұмыссыз қалған. Дәл қазір бұл отбасы қиын жағдайды бастан кешіріп жатыр. Отбасы мүшелері мемлекеттік жәрдемақымен және үлкен ұлдарының тұрақсыз табысымен күнелтуде.

– Мұндай жағдайға тап боламыз деп ойлаған жоқпыз. Бұған дейін ешкімнен көмек сұраған емеспіз. Қазір қолдауға мұқтажбыз. Біздің қиындығымызды көтеріп жатқан қайырымды жандарға отбасымның атынан алғыс айтамын, – деді Райхан.

Халықтық қолдау орталықтарының атқарып отырған ісін қайырымдылық деп шектеуге болмайды. Себебі Халықтық қолдау орталықтары арқылы азаматтарға On-line режимде тегін заңгерлік, психологиялық кеңес беріледі.

– Жақында ғана «Шапағат» халықтық жобасы қамқорлығындағы қыз-келіншектерге психологилық тренинг өткізді, – деді Назгүл Мақжан. – Тренинг барысында адамдардың стреспен өмір сүріп жатқаны және оларға кәсіби психологтардың көмегі қажет екені анықталды. Алдағы уақытта психологиялық қиындыққа тап болған адамдарға көмек көрсетуді жалғастырамыз. Заңгерлердің азаматтарға тегін кеңес беруі де қазіргі уақытта өзекті болып тұр.

Халықтық қолдау орталықтары халықпен кері байланыс орнатудың алаңына айналады. Бұл жерде коммунист-депутаттар азаматтарды on-line қабылдайды.

– Біздің міндетіміз – халық сезінетін дағдарыстың салдарын жұмсарту, – деді Айқын Қоңыров. – Пандемия қазақстандықтар үшін тым ауыр әрі қымбат болды. Бізге «Адам адамға қасқыр» деген капиталистік ұстаным жат. ҚКХП әу бастан қарапайым халықтың мүддесін қорғап келеді. Осы бағыттағы мүдделестеріміз бен жақтастарымызға бізге қолдау көрсетіп отырғандары үшін ризашылығымызды білдіреміз. Біз адамгершілік пен жақсылық жасау жолындағы бастамамызды ары қарай жалғастыра береміз!

ыц1

ыц2

ҚКХП баспасөз қызметі

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 171 раз
© 2013-2019 ТОО "Ақмола Ақпарат". Все права защищены. Информационное агентство "Кокшетау Азия" Разработка - Веб студия "IT.KZ"