Вторник, 24 апреля 2018 12:52

ӘЛЕМ КОММУНИСТЕРІН ОРТАҚ ИДЕЯ БІРІКТІРЕДІ

  • Whatsapp: whatsapp +77084442694 +77084442694
Оцените материал
(1 Голосовать)

Грузия коммунистерінің шақыртуымен Тбилиси қаласына іссапарға барған Қазақстан Коммунистік халық партиясының делегациясы Иосиф Сталиннің туған жері Гори қаласына арнайы аялдады.

Делегация құрамындағы ҚКХП Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы Әлібек Шапеновты, Қостанай облыстық комитетінің белсенді өкілі Асылбек Шайхинді және «Коммунист Казахстана» журналының бас редакторы Қанат Махамбетті Грузия Бірыңғай Коммунистік партиясы Гори қалалық комитетінің бірінші хатшысы Алеко Лурсманашвили күтіп алды.

Ол туған өлкесін таныстырып, Иосиф Сталин атындағы тарихи музейді аралатты. Осыдан соң қалалық комитетке апарып, жергілікті коммунистермен кездесу ұйымдастырды. Олар Қазақстан Коммунистік халық партиясының қызметіне қызығушылық танытып, сұрақ қойды. Грузия коммунистеріне Ә.Шапенов егжей-тегжей жауап берді.

Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы ҚКХП Парламенттік партия екенін, «Халық коммунистері» фракциясының депутаттары қарапайым халықтың мүддесін қорғайтынын және партияның аймақтардағы комитеттері жергілікті жердегі коммунистермен етене араласатынын баяндады.

Өз кезегінде А. Лурсманашвили қазақстандық әріптестеріне Гори қалалық комитетінің қызметі жайлы әңгімелеп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ол Грузия коммунистері марксизм-ленинизм идеологиясына адал екенін алға тартып, компартия өкілдері Иосиф Сталинді қатты құрметтейтінін жеткізді. Сөз арасында Гори қалалық комитетінің бірінші хатшысы комму-нистердің не үшін және кіммен күресіп жүргенін жеткізді.

«Біздің қарсылығымызға қара-мастан, 2010 жылы Иосиф Сталиннің туған жерінен еңселі ескерткіші алынып  тасталды. Содан бері осы істі жүзеге асырғандарға қарсы күресіп келеміз. Бүгінге дейін 30 мыңға жуық қол жинадық. Қол қойған адамдардың барлығы ескерткішті қалпына келтіруді талап етіп отыр. Жергілікті атқарушы билік ескерткішті Сталин музейінің жанына орнату туралы шешім шығарды. Өкінішке қарай, бұл бастамаға Польша, Эстония, Литва, Латвия, АҚШ мемлекеттерінің Грузиядағы елшілері үзілді-кесілді қарсы болып отыр», - деді А. Лурсманашвили.

Оның сөзінше,  тарихи тұлға лайықты бағалануы және оның ескерткіші өз тұғырында тұруы тиіс.

Сөз арасында А. Лурсманашвили Қазақстан мен Грузияның коммунистері партияаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайта беретініне сенім білдірді.

«Қазақстан Коммунистік халық партиясы еңбек адамының мүддесін қорғайтынын,  халық билігі үшін күресетінін, әлеуметтің әлсіз тобына жақтасатынын  сөзбен емес, іспен  дәлелдеп  үлгерген саяси құрылым. Грузия Бірыңғай Коммунистік партиясының шақыртуын қабыл алып, партияаралық байланыс орнатуға ерекше ықылас танытқандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Біз Қазақстанда сіздердің партияларыңыздың беделі зор, мәртебесі биік және жақтастары көп екенін жақсы білеміз. Сіздердің саяси ұйымдарыңыз  әлеуметтік мәселелерге басымдық беретінінен де хабардармыз. Халық билігін орнату жолындағы істеріңізге сәттілік тілейміз!» - деді ол.

Кездесу барысында А. Шайхин А. Лурсманашвилидің сөзін қостап, әлем елдерінің коммунистері үлкен күш екенін атап өтті. 

«Бізді ортақ идея біріктіреді.  Біз коммунизм идеясынан айнымау арқылы алдыңғы буын бастаған істі күні бүгінге дейін жалғастырып келеміз. Мұны ұрпақ сабақтастығы дейді. Ол үздіксіз жалғасады. Біз оның үзілмеуі үшін тынымсыз еңбек етуіміз керек», - деп қорытты сөзін қазақстандық коммунист.

Қанат МАХАМБЕТ

Заметили ошибку в тексте? Выделите ее и нажмите Ctrl+Enter
Прочитано 511 раз