Келер жылы аймақта 10 мектеп пен 4 балабақша салынады деп жоспарланған. Бұдан бөлек, Целиноград және Есіл аудандарында жаңа емхана бой көтермек. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында белгілі болды. Мәслихат депутаттары осы жылды қорытындылап, алдағы жылдың бюджетін бекітті.
Білім саласы басты назарда. Алдағы жылы бұл салаға 166 млрд.теңге бағытталмақ. Бұл осы жылмен салыстарғанда 26 млрд.теңгеге артық.
Осы жылы облыс орталығы да арайлана түсті. Шағын шаһардың көркімен қатар, экономикасы да нығая түсті. Мәселен, «Гормолзавод», «Енки» зауыттарында қосымша цехтар ашылды. Сондай-ақ, облыс орталығындағы құрылыс қарқын алған. Тек осы жылдың өзінде 1 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлапты.
Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін тағы 6 үй пайдалануға берілмек. Яғни, Тәуелсіздік тойы мен Жаңа жыл қарсаңында 260 отбасы қоныс тойын тойлайды деген болжам бар.