Көкшетау жоғары техникалық колледжінің студенттері «World Skills — 2021» байқауында 4 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль қанжығалады. Нәтижесінде, республика бойынша кәсіптік және техникалық білім беретін оқу орындарының арасында бірінші орынға шықты. Енді алтыннан алқа таққандар алда Шанхайда өтетін халықаралық сынға қатысады.
«World Skills» колледж студенттерінің оқу ордасында үйренген біліктіліктерін іс жүзінде саралайтын сайыс. 29 мамандық, 43 біліктілік бойынша білім беретін Көкшетау жоғары техникалық колледжі 2015 жылдан бері аталмыш байқауға қатысады. Биыл оқу орнының 11 студенті қанжығаларын майлап келді.
Колледж түлектерінің 93 проценті оқу бітірген соң жұмысқа орналасады. Бұл кәсіптік, техникалық мамандықтарға нарық сұранысының жоғары екенін көрсетеді. Оның ішінде 78 проценті нақты өзі бітірген біліктілік бойынша еңбекке араласып кетеді. Қалғандары жоғары оқу орнына түседі немесе әскери борышын өтеуге аттанады. «World Skills-2021» чемпионатында алтыннан алқа таққанның бірі — Вячеслав Кононов. Ол былтыр осы оқу орнын тәмәмдаған. Қазір колледждің шебері.
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оза шапқандарды өзі құттықтаған. Жалпы, жүлделі орындар саны бойынша Ақмола облысы ел бойынша үшінші орынға шыққан. Айта кету керек, халықаралық чемпионатта Қазақстан былтыр 14-орынға тұрақтаған еді.