Жыл басынан бері жастарды қолдау мен дамытуға жарты миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда Ақмола облысында 150 мыңнан астам 14-29 аралығындағы жас тұрады. NEET санатындағы жастардың санын қысқарту жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған жұмыстарды арнайы орган мамандары ұдайы жүргізіп келеді.
Бүгінгі таңда облыстың төрт жоғары оқу орны мен 32 колледжде 30 мыңнан астам студент білім алуда. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде «Студенттер сарайының» құрылысы жүріп жатыр. Оның жобасына 500 орындық студенттік театр және спорт зал кіреді. Болашақта онда спорттың 18 олимпиадалық түрі бойынша жастар жаттыға алады. Облыстық бюджеттің есебінен бакалавриат мамандықтары үшін 150 грант және медицина мамандығының резидентурасына 35 грант бөлінді.
Жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында өңірде 5 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешен мамандары «Дипломмен ауылға!» жобасына қатыса алады. Елді мекендерге жұмыс істеуге барғандарға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несиелер де беріледі. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде көтерме жәрдемақы төленеді.
Елбасының әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында облыс орталығында 2200 орындық 4 студенттік жатақхананың құрылысын бастау жоспарланған.