Облыс әкімі өз сапарын Қараөткел ауылдан бастады

Өңір бюджетінің төрттен бір бөлігі Целиноград ауданына бағытталады. Әсіресе, елорда іргесіндегі ауылдарды көркейтуге ерекше басымдық берілген. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ермек Маржықпаев осылай деді. Мәселен, бір ғана Қараөткел ауылында жаңа балабақша,  дәрігерлік амбулатория және спорт алаңы салынып жатыр. Өңір басшысы құрылыс барысымен танысып, бірқатар тапсырмалар берді.

Бұл  — елорда іргесіндегі Қараөткел ауылы. Облыс әкімі өз сапарын осы ауылдан бастады. Себебі, мұндағы құрылыс жұмыстары қарқынды. Ауылдың ортасынан жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтеруде. Медициналық мекеме ауысымына 25 науқас қабылдауға қауқарлы. Жоба құны 261 млн.теңге.  Нысан жыл соңында ел игілігіне беріледі деп жоспарланған.

Ауылдағы тағы бір мәселе – балабақша тапшылығы. Бүгінде мұнда мемлекеттік бір балабақша жоқ.Жаңа балабақшаның құрылысы ауылдағы ағайынның күпті көңілін бір көтеріп тастады.280 орынға шақталған нысанның құрылысы 60 пайызға аяқталған. Келер жылы іске қосылмақ.  Сондай-ақ, ауылда жаңа спорт алаңы салынып жатыр. Бүгінде орын белгіленіп, бірер күнде құрылыс басталмақ. Қараөткелдік қарашаның тағы бір мәселесі жол еді. Енді бұл мәселеде өз шешімін таппақ. Ауылдағы 89 көше күрделі жөндеуден өтуде.

Қараөткел ауылында 30 мыңға жуық адам тұрады. Десе де, соның 7 мыңы ғана ресми тіркеуде. Салдарынан мектеппен  балабақшадағы кезек саны көбейіп,  жүктемеде арта түскен. Сондықтан алдағы санақ науқанында осы мәселе ескерілуі тиіс.Облыс әкімі Ермек Маржықпаев жергілікті қауымдастық өкілдері мен әкімшілікке осындай тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, қауымдастық мүшелерінің арыз-өтініштерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Өңірдегі 3 ауысымдық мәселесінің дені осы Целиноград ауданының еншісінде. Халық көп, балаларға мектеп жоқ. Осы мақсатта салынып жатқан Оразақ ауылындағы білім ошағы 120 орынға шақталған. Жоба құны 1 млрд.теңге. Қаржы уақытылы бөлінсе де, құрылыс жұмыстары тұралап қалған. Әкім мердігерлердің жұмысын сынға алды.

Өңір басшысы сапар соңында Өтеміс ауылындағы білім ошағына барды.  Былтыр мектеп «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен.Қазіргі таңда мұнда 300-ден астам оқушы білім алады.Ермек Боранбайұлы мектептің техникалық базасын тексеріп, ұстаздар қауымына шығармашылық табыс тілеп тарқасты.

Яндекс.Метрика