Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Кеңащы ауылының тұрғындарына тамаша тарту жасалды. Көптен күткен ауыз су мәселесі шешілді. Сондай-ақ, елдімекен көшелері жарықтандырылып, мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы барыс жылы да берекелі іс жалғасын таппақ.
Кеңащы – қаймағы ұйыған қазақ ауылы. Талай дүлділдерді дүниеге әкелген қасиетті мекен. Сонау бір жылдары тоқыраудың кермек дәмін татып, халқы біраз қиналған-ды. Шаруашылығы құлдырап, жиған-тергеннің бәрі көлденең келген көкаттының жетегінде кетіпті. Тіпті ауыл тұрғындары күні бүгінге дейін тұзщы суға зәру болып келді. Енді міне 30 жылдықта олжаға кенеліп отыр. Қазынадан 78 миллион теңге қаржы бөлініп, орталықтандырылған су жүйесі тартылды.
Ауыл іргесіне су қысымы мұнарасы орнатылып, 1 ұңғыма қазылды. Ұзындығы 6 шақырым су желілері тартылды. Бүгіннің өзінде 40 үйге су кіргізіліпті. Жалпы 70 шаңыраққа су тартылады деп жоспарланып отыр.
Биыл ауыл ішене 70 шам орнатылған. Жоба құны 6 миллион теңге. Ауыл әкімі Самат Бермағамбетовтың айтуынша келесі жылы да елдімекенді абаттандыру жұмыстары жалғасын табады. Жолдарды жөндеп, балалардың спорттық алаңын салу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттар дайын. Интернет бар. Бірақ, ауыл тұрғындары үшін аялы байланыс мәселесі қиындық туғызып отыр.
Елдімекеннің еңсесі тіктеліп, шаруашылықтар да қайта түлей бастады. Бүгінде 1 мыңға жуық қара мал, 900-дей жылқы бар. Келесі жылы инвестиция тартылып, асыл тұқымды мал басын өсіру жоспарланып отыр.