Көкшетаулық оқушы Айлана Өмірзақ «Туған елге тағзым – 2021» желілік байқауының жеңімпазы атанды. «Көкшетау қаласының көшелері» жобасымен «Ұлы Дала өркениеті» аталымында бас жүлдені еншілеген жерлесіміз алдағы уақытта ғылым саласының дамуына зор күш салмақ.
Еліміздің Назарбаев зияткерлік мектептері арасында өткен «Туған елге тағзым» жобасының мақсаты – ұлттық тарих пен мәдениетті зерделеу. Бұл жас өскіндердің бойында патриоттық сезімді қалыптастырып қана қоймай, білім беру сапасының артуына мүмкіндік бермек. Жас ғалым Айлана Өмірзақтың зерттеуі 35 жобаның ішінде үздік деп танылды.
Жас ғалым 5 жасынан кітап оқуға құмартқан. Бұған дейін Көкшетаудың 195 жылдығына орай, 30-дан астам ескерткіштің тарихын зерттеп, жинақ кітабын шығарған. Болашақта Айлана секілді жас өрендердің ғылым саласын дамытып қана қоймай, тың жаңалықтарды ашатынына да сенім мол.