Көкшетаулық оқушы, жас математик аталмыш пән бойынша қосымша білім алып, кәсіби, білікті мамандармен жұмыс істеуді көздейтін онлайн платформа ойлап тапты. Ол мектеп тәлімгерлері үшін таптырмайтын құрал. Сайттың көмегі арқылы оқушылар репетиторларды өз қалауларына қарай таңдап, алғашқы сабақты тегін ала алады.
Стансилав Галанцев Көкшетаудағы 13-ші мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы. Өзі сияқты математиканы сүйіп оқитындар мен осы пән бойынша білімдерін жетілдіруді көздейтіндерге көмектесу мақсатында авторлық сайтын ойлап шығарған. 1 жыл тынбай еңбектеніп, бірнеше тәлімгер ауыстырыпты. Нәтиже көңіл көншітерлік,-дейді Станислав. Осы күні оның авторлық жобасы оқушылар арасында сұранысқа ие.
Сайт заңды түрде жұмыс істеу үшін 15 жасар оқушы жеке кәсіпкерлігін де ашыпты. Әзірге, сайтта 2 нұр-сұлтандық ұстаз сабақ береді. Сондай-ақ, ол жерге пән бойынша конспектілер мен тапсырмалар жүктелген. Сабаққа қатысамын деушілер өзіне ыңғайлы уақыт пен мұғалімді таңдауға әбден құқылы. Станиславтың бастамасына мектебіндегі оқытушылары да дән риза.
Сұраныс ұсыныс тудырады деген Станислав алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктер аясын кеңейтуді көздеп отыр. Яғни, сайтқа видеосабақтар жүктеп, оқытушылардың санын көбейтемін,-дейді.