Көкшетауда «Ұшқыр ой алаңы» атты республикалық дебат турнирінің іріктеу кезеңі басталды

Көкшетауда «Ұшқыр ой алаңы» атты республикалық дебат турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Өңір мектептерінің жетпістен астам оқушысы пікірсайыс алаңында сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Аталмыш дебат ойындары «Бала құқығы – адам құқығы» республикалық акциясы аясында өткізіліп жатыр.

Оған жалпы білім беретін мектептердің 9-11 сынып оқушылары қатысуда. Талқыға түскен тақырыптар Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында болды. Дебат ойындарының негізгі мақсаты: балалардың интеллектуалдық қабілетін дамыту, шешендік өнерін, сыни ойлау, сөз саптау қабілеттерін қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуларынша, жыл сайын оқушылардың осындай шараға деген қызығушылықтары артып, қтысушылар мен дебаттық клубтардың саны көбейіп келеді. Мәселен, өткен жылы өңірде 196 дебаттық клуб болса, бүгінде олардың саны 348ге жеткен.

Өңірлік кезеңде үздік деп танылғандар республикалық турнирге жолдама алады. Жалпы, дебаттық клубтардың дамуы мен қатысушылардың шеберліктерін шыңдау мақсатында облыстық білім басқармасы дебаттық клуб жетекшілері мен оқушыларға арналған семинарлар, кездесулерді жиі өткізіп тұрады.

Яндекс.Метрика