Елордада ақмолалық тауарөндірушілердің жәрмеңкесі өтті

Өткен демалыс күндері елордада ақмолалық тауарөндірушілердің жәрмеңкесі өтті. Оған екі жүзден астам кәсіпкер қатысты. Бұл биылғы жылдың соңғы жәрмеңкесі. Осыған дейін еліміздің барлық өңірлері кезекпен барып, Нұр-Сұлтандықтарға өз өнімдерін ұсынған болатын.

Ақмола облысының жәрмеңкесі биыл астаналықтар үшін ұйымдастырылған 14-ші сауда-саттық болды. Таңмен таласа сауда орнына ағылған елорда тұрғындары қажетті өнімдерін қолжетімді бағамен ала алды. Іс-шара әлеуметтік маңызды азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған.

Ақмолалықтар елордаға жалпы сомасы 400 миллион теңге тұратын 500 тонна өнім апарған. Орташа есеппен баға нарықтағыдан 15%ке төмен болды.

Жылқы етінің бір келісі 2200 теңге болса, сиыр еті 2000, қой еті 1900, ал үйректің еті 2 жарым мың теңгеден сатылды. Пісірілген шұжық 1400 теңге болса, картоптың бағасы 140 теңге деп қойылды. Тұтынушылар 1 литр сүтті 230 теңгеден, 30 жұмыртқаны 1200 теңгеден ала алды.  Ақмола облысының тауар өндірушілері елорданың сауда нысандарымен жыл бойы әріптестік қарым-қатынаста.

Жерлестеріміз елордалықтарды ауыл шаруашылығы өнімдерімен ғана емес, өңір әртістері әзірлеген концертпен де қуантты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мұндай жәрмеңкелерге тұрғындардың үштен бір бөлігі келеді екен. Бұл жолы да ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жәрмеңкеге келген халықтың қарасы қалың болды.

Яндекс.Метрика