Өңірдегі жолдардың сапасы көп ретте сынға ұшырап жатады. Дегенмен, соңғы жылдары аудандар мен ауылдардың жолдарына мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе, еліміз егемендік алғалы бұл мәселе алдыңғы сапқа шығып, биліктің назарына ілінген.
Соңғы жылдары халықтың әл-ауқаты да, жолдарының сапасы да жақсарып келе жатқан аудандардың бірі – Егіндікөл. Оның дамуына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы айтарлықтай ықпалын тигізді. Мәселен, аталмыш бағдарлама арқасында облыстық және жергілікті бюджеттен қыруар қаражат бөлінген. Нәтижесінде Егіндікөл және Полтавское ауылдарының көшелеріне асфальт төселіпті. Оған 147,5 млн теңге жұмсалған.
Ауылды жерлердегі мәселелердің оң шешімін табуға септесетін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы да Егіндікөл ауданында ойдағыдай жүзеге асып жатыр.
Жолдардың жалпы жағдайы қашан да мемлекет назарында. Алдағы уақытта облыстың күрделі жөндеуді қажет ететін жолдары жөнделеді деп күтілуде.