Бүгінгі таңда, тұтынушылар құқығын қорғау саласы еліміздегі ең проблемалы бағыттардың бірі. Оның негізгі себебі: азаматтардың өз құқықтары мен заңды білмеулері, тараптардың шиеленістерді шешудегі қиындықтары, тұтынушылардың дауларды шешу кезінде әрекет алгоритмін білмеулері. Саланың оң нәтижелі жұмыс істеуіне ықпалдасу мақсатында бір жылдан бері тұтынушылар құқығын қорғайтын бірыңғай ақпараттық жүйе жұмыс істеп келеді.
Тұтынушылар құқығын қорғайтын бірыңғай ақпараттық жүйенің жұмысы заң нормаларын түсіндіру мен өтініштерді мейлінше тез уақытта қарастыруға бағытталған. Кез келген тұрғын ұялы телефонның немесе компьютердің көмегімен e-tutynushy.kz электронды мекен-жайы арқылы өз құқығының тапталғаны туралы хабарлай алады.
Бірыңғай ақпараттық жүйеге шағымды қалай жеткізуге болады? Ол үшін тұтынушы сайттың басты бетінен шағым жазатын мекемені тауып алуы тиіс. Одан кейін, «Хабарлама жіберу» батырмасын басып, форманы толтыру керек. Негізгі шарт – заңды тұлға мен тұтынушы дауының шын мәнінде орын алғанын растайтын құжаттың болуы. Мұнымен қоса, тұтынушы өзінің толық аты-жөнін, жеке сәйкестендіру номері, электронды мекенжайы мен телефон нөмерін жазып, тіркелуі қажет. Осы күні платформа жемісті жұмыс істеп тұр.
Ал, кәсіпкерлер келіп түскен шағымдарды қалай көреді? Ол үшін бизнес өкілдері бірыңғай ақпараттық жүйеге тіркелуі керек. Бұл тұтынушылардың шағымын тікелей қабылдап, туындаған дауды дер кезінде шешуге сеп болмақ.