Көкшетауға Жамбыл облысының Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің қорынан жасақталған «Батыр тұлға – Бауыржан» атты көшпелі көрмесі жеткізілді. Ол жерге Бауыржан Момышұлының күнделікті тұрмыста қолданған жеке заттары, жазған кітаптары қойылған. Көрме, шамамен, осы айдың соңына дейін болады деп жоспарланған.
«Батыр тұлға – Бауыржан» атты көшпелі көрме ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлының туған күндеріне орай ұйымдастырылған. Көрмені Көкше жеріне жеткізген Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейі Жамбыл облысы Жуалы ауданында орналасқан. Қазіргі таңда онда батыр атамыздың 2000ға жуық жеке заты бар екен. Олардың көбін Бауыржан Момышұлы кезінде музейге өзі тапсырып отырыпты.
Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің арасында ерекше достық қарым-қатынас болыпты. Бауыржан Момышұлының бойындағы тапқырлық пен шешендік, ұлтжандылық пен ойшылдық, турашылдық пен әділдік сынды асыл қасиеттер оның іні-досы Мәкеңнің бойынан табылса керек.
Бұдан бөлек, көрмеден Бауыржан Момышұлының кейбір киімдерін, авторлық туындыларын көруге болады. Айталық, Бауыржан Момышұлы қолданған гвардиялық белгі, лупа, компас, стратегиялық карта, фотоаппарат, папка, өсиет хаты, тіпті жары Бибіжамалдың жаулығы да қойылыпты.
Бұл көрме 24-ші қарашаға дейін жұмыс істейді. Ал, Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері келер жылы Жамбыл облысына көрме апаруды жоспарлап отыр.