Ағымдағы жылдың 15 қараша күні Кеңес Одағының батыры, академик, қоғам қайраткері, даңқты жерлесіміз М.Ғабдуллиннің туған күніне орай Көкшетау қаласындағы «Даңқ» аллеясында ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде қазақ халқының батыр ұлы М.Ғабдуллинді еске алу, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, Мәлік батырдың ерен ерлігі, халқы үшін атқарған айтулы еңбектерін жас ұрпаққа ұдайы насихаттау сіз бен біздің ортақ міндетіміз.
Іс-шарада сөз сөйлеген Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова мен жазушы, драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев даңқты жерлесіміздің ерлігі, өнегесі кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталу керек екендігін атап өтті. Сондай-ақ, Мәлік Ғабдуллин батырды республикалық көлемде жан-жақты насихаттап, дәріптеп келе жатқан музей ұжымына алғыстарын білдірді.
Гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқан Ақмола облысының мәдениет басқармасы, Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Ауған соғысы ардагерлер кеңесі, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, М.Ғабдуллин атындағы №3 мамандандырылған гимназиясы, Красный яр ауылының №3 көпсалалы мектеп-гимназиясы атынан гүл шоқтары қойылып, батыр рухына тағзым етті.