Бастауыш сыныптан бастап оқушыларды спортқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдер спортын дамытудың қыр-сырын атап өткен болатын.
Атбасар ауданы, Бастау ауылындағы нөмірі 1 мектеп 1975 жылы салынған. Ғимарат 480 оқушыға есептелген. Бүгінгі таңда білім ошағы шағын, 160 оқушы сабаққа барады. Оқу орнындағы спорттық тәрбие бастауыш сыныптардан басталады. Балаларды іс-шараларға, ашық ойындарға және секцияларға тарту көзделген.
Аудан, ауылдарда спорттың дұрыс дамуы үшін алдымен спорт залдары жөнделіп, спорт алаңдары салынуы керек. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде мекеме барлық заманауи стандарттарға сай.
Мектепте бокс, күрес, шаңғы жаттығулары бойынша секциялар бар. Бұдан бөлек басқа да спорт түрлеріне көңіл бөлінеді. Қазір Ақбота Есімбекова Алматы қаласында өтіп жатқан іріктеу жиындарына қатысып жатыр. Спортшы республикалық жарыста жеңімпаз атанып, Азия ойындарына дайындалу үстінде.