«Қан тапсыр – өмірді сақта!» акцияға ақмолалықтар жылда қолдау білдіреді

Қан қызметінің тарихы сонау 1934 жылдан бастау алады. Ол Қазақстан үшін өте ауыр кезең болатын. Сол жылдары орын алған ашаршылық көптеген адамдардың өмірін жалмады. Ұлы Отан соғысы қан тапсыру жүйесінің ғана емес, жалпы қан қызметінің қалыптасуына өз әсерін тигізді. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін аталмыш сала әрі қарай дами бастады.

1946 жылға дейін бұрынғы Көкшетау облысына қажетті қан Петропавлдан жеткізілетін. Кейін, ақмолалық хирургтер қанды донорлардан алу әдісін бастады. Жұмыс бір жүйеге келтірілгеннен кейін қан донорларын тарту бойынша үгіт-насихат жүргізуді қолға алды. Ал, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1995 жылы қан құю станциясы облыстық қан құю орталығы болып өзгертілді. Қазіргі таңда, бұл жерде, шамамен, 200 медициналық қызметкер бар. Солардың бірі Надежда Бархатова – тәуелсіздік құрдасы. Қолына диплом алысымен осы жерге терапевт болып жұмысқа қабылданған.

«Қан тапсыр – өмірді сақта!». Бұл акцияға ақмолалықтар жылда қолдау білдіреді. Қан орталығы мамандарының айтуынша, әсіресе, пандемия кезінде қан тапшылығы сезілген. Жетіспейтін қанды толтыру кезінде ТЖД қызметкерлерінің көмегі зор болыпты. Ал, бүгін олар тәуелсіздіктің 30-жылдығы аясында бастау алған «30 игі іс» акциясына қатысты.

Қан тапсыру донорлардың ағзасына да пайдалы екенін айта кеткен жөн.  Белсенді түрде қан тапсыратын адамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына сирек шалдығады және қан кету олар үшін айтарлықтай қауіп тудырмайды. Қан тарсырғанда адамның қаны жаңарып, қан айналымы жақсарады. Ең бастысы, бір рет қан тапсырған донор, орта есеппен, 3 адамның өмірін сақтап қалуға себепші болады.

Яндекс.Метрика