Сандықтау аудандық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің гір тасын көтеруші өрендері Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатынан алтын және қола медаль алып қайтты.
Алыптар ауылдан шығады деп тегін айтып жүрген жоқпыз. Соның айқын айғағындай алты мыңға жуық қана тұрғыны бар Балқашын елді-мекенінде гір тасын көтеруші жасөспірімдер әлемдік деңгейде ел даңқын асқақтатып жүр. Тәжірбиелі жаттықтырушы Сергей Прохоровтың шәкірттері Андрей Дулин төрткіл дүниенің ең мықты гір тасын көтерушілер арасында 63 келі салмақта чемпион атанды. Бапкердің ұлы Владимир 95 келі салмақта қола медальға ие болды.
2006 жылдан бері Сандықтау аудандық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет атқарып жүрген Сергей Прохоров шәкірттердің осынау жеңісі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту дейді. Тұлпар аунаған жерде түк қалады демекші Сандықтау жерінде мықты шаңғышылар ғана емес, бұла күші бұлқынған гір тасын көтеруші ұландар да желкілдеп өсіп келеді. Ауыл-аймақ балаларының әлемдік жарыстарда жарқырап көрінуі қуанышты. Бұл үрдіс бұқаралық спорттан басталып, жалғасын тапты.