Өнер ұлт пен ұлыс таңдамайды. Елімізде түрлі этнос өкілдері бар. Олардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына мемлекет тарапынан бар жағдай жасалып отыр. Аймақта да мәдениет саласының дамуы үшін күш салынуда. Осы орайда кавказдықтардың лезгинка биімен айналысатын өнер ұжымдары бар.
Лезгинка Түркия мен Кавказ тұрғындарының дәстүрлі халық биі деп есептеледі. Дағыстан — ресми түрде лезгинканың отаны. Алайда қай халықтың ойлап тапқаны туралы түрлі пікір бар. Аталған би түрі қатаң ырғақ, шалт қимыл, шапшаң ырғақтылығымен ерекшеленеді. Бүгінде Көкшетаудағы «ASSA» шығармашылық ұжымы жігерді жанитын би түрімен тұрақты түрде айналысады. Ұжым жетекшісі бір кездері студенттердің басын қосып, кавказ билерін үйретемін деп ойламаған екен.
Бүгінде «ASSA» ансамблінің 2 филиалы бар. Олардың әрқайсысында 2 топ жұмыс істейді. Бишілердің жас санаты да әртүрлі. Ансамбльдің репертуарында лезгинка, попури, Грузияның үйлену тойының биі Картули, Ачарулидің қыз биі секілді қойылымдар бар.
«ASSA» хореографиялық ансамблі түрлі конкурстар мен шоуларға қатысып, жеңіспен оралған. Өткен аптада шығармашылық ұжым Көкшетауда өткен дарындылар шоуында гран-приге ие болды.