Ақмола облысында жас дебатерлер арасында турнир өтті

Өңірдің білім беру саласында оқушылардың зияткерлік қабілеттерін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оның дәлелі ретінде облыста жыл сайын өткізіліп жатқан түрлі конкурстар, викториналар, пікірсайыс турнирлерін айтуға болады. Осылардың қатарында бүгін Көкшетауда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған оқушылар арасындағы пікірсайыс турнир аяқталды, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.

Білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, шараға 12 ауданнан, 2 қаладан және облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттан 40 командадан 80 оқушы қатысты.

Пікірсайыс турнирі американдық парламенттік формат бойынша қазақ, орыс лигаларында өтті, пікірсайыс іріктеу кезеңінен, жартылай финалдан және финалдан тұрды.

Іс-шараны қорытындылау кезеңіне «Bolashaq saraiy» директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Айнагүл Балташева қатысты.

«Сіз мектепте төменгі сынып оқушыларын, құрдастарыңызды тарту арқылы осы қозғалысты жалғастыра бересіз деп үміттенемін. Өйткені, пікірталас тек өз көзқарасын қорғау ғана емес, сонымен қатар аудитория алдында сөйлеу, сауатты сөйлеу, командада жұмыс істеуге үйрету болып табылады. Пікірсайыс қозғалысында белсенділік көрсетіп, өз ой-өрісіңізді әртүрлі бағытта көтергендеріңіз үшін алғыс айтамын», — деп атап өтті Айнагүл Балташева.

Турнир қорытындысы бойынша қазақ лигасында Ақкөл ауданының «Ақиқат ұшқыны» командасы жеңімпаз атанса, орыс лигасында «Bolashaq saraiy» атынан «Астрея» командасы жеңіске жетті.

Үздік спикерлер номинациясына Целиноград ауданының «Кемеңгер» командасынан Мирас Рахимов және Көкшетау қаласының «Аконит» командасының мүшесі Александра Заруцкая ие болды.

«Бүгінгі турнир өте қызықты өтті. Ойын деңгейі де, қатысушылардың дайындық деңгейі де жоғары. Маған өте ұнады. Турнирге қатысқаныма өте қуаныштымын», — деді «Саналы қыздар» командасының қатысушысы Алуа Дулатова.

Жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар, ал жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды. Қалған қатысушылар Ақмола облысы білім басқармасының сертификатына ие болды.

Айта кетейік, облыс мектептерінде 5000-нан астам оқушыны қамтитын 348 дебат клубы жұмыс істейді.

Яндекс.Метрика