Ақмола облысындағы Қорғалжын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қазіргі уақытта қарқынды дамуда

Қазіргі кезде жасөспірімдер мен балалардың бос уақытын тиімді өткізу аса маңызды. Сондықтан да, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда спорт саласы бірден қызу қарқынмен дами бастады. Спорт мектептері ашылып, мыңдаған жеткіншіктер сүйікті істерімен айналысуда. Солардың бірі Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының жанындағы «Қорғалжын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі».

Қорғалжын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қазіргі уақытта қарқынды дамуда. 386 оқушы спорттың жеті түрінен, яғни, қазақ күресі, бокс, дзюдо, футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисінен жаттығады. Сонымен қатар, спорт мектебінің филиалдары  Арықты, Жантеке, Амангелді ауылдарында ашылған. Бүгінгі күні мектепте 10 бапкер жұмыс істейді.

Жақында Түркістан қаласында бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Жарысқа алыс-жақын шетел былғары қолғап шеберлері қатысты. Қорғалжын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің атынан шыққан Рахымжан Рашидұлы жүлделі 2 орынды қанжығасына байлады.

Спорт мектебінің бапкерлері мен спортшылары алдарына үлкен мақсат, міндеттерді қойып отыр. Олар осымен тоқтап қалмай, әлі де үлкен белестерді бағындыратындарына сенімді.

Яндекс.Метрика