Өткен жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда темекі өнімдерін міндетті таңбалау туралы қаулы күшіне енді. Құжатқа сәйкес, елде өндірілген немесе шетелден әкелінген темекі өнімдері арнайы Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс. Бұл код темекі өнімі туралы бар ақпаратты қамтиды.
Темекі өнімдерін таңбалау нарықтағы көлеңкелі айналымды азайту және сертификатталмаған, сонымен қатар сапасыз өнімді айналымнан шығару үшін жасалады. Бірақ жүйенің жұмыс істеуі үшін барлық сауда желілері, гипермаркеттер және шағын үй астындағы дүкендер электронды қолтаңба көмегімен тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелуі керек.
Енді таңбаланған темекі бұйымдарын қадағалаудың жаңа тетігі қолданылатын болады. Осы өнімді өндіретін барлық мекемелер тауарларды таңбалау және қадағалау сайтында тіркелген.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметтеріне сәйкес, өңір аумағында 5 көтерме және 2 мың 215 бөлшек темекі өнімдерін сатушылар өз қызметін жүзеге асырады.