2 желтоқсанда Қазақстанның барлық өңірлерінде «Ел тірегі – ЕЛБАСЫ» қайырымдылық акциясы қайта басталды. Осы айда республика бойынша 20 000 отбасы кезекті рет азық-түлік жинағын алады. Бұл – 520 миллион теңге тұратын 1 миллион килограммнан астам қажетті азық. Айта кетейік, соңғы екі жыл бойы тұрмысы төмен, көпбалалы және ерекше қажеттілікке зәру балалары бар отбасылар мен материалдық тұрғыдан қиын жағдайда қалған азаматтарға жүйелі түрде көмек көрсетіліп келеді.
Тәуелсіздік күні мен келе жатқан жаңа жыл қарсаңында «Халық» Қайырымдылық Қоры мейірім дәстүрін жалғап, кезекті рет ауқымды «Ел тірегі — ЕЛБАСЫ» қайырымдылық акциясын өткізіп жатыр. Ақмола облысына 1000 азық-түлік жинағы бөлініпті. Қазіргі уақытта олар барлық аудандар мен қалаларға жеткізілген. Бұл жинаққа ең керекті деген күріш, қарақұмық, ұн, макарон, өсімдік майы, бұқтырылған ет, қант, шәй және жаңа жылдық кәмпит жиынтығы кіреді. Азық-түлік жиынтығының салмағы 50 килограммнан асады.
Акция ұйымдастырушысы «Халық» Қайырымдылық Қоры барлық азық-түлік себетін Тәуелсіздік күніне дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл акцияға ел бойынша 1000-ға жуық волонтер жұмылдырылды. Басым бөлігі – әлеуметтік белсенді жастар. Олар көпшілігі қордың қайырымдылық іс-шарасына бұған дейін де талай рет қатысқан. Өңір әкімдігі бекіткен тізім бойынша олар сәлемдемені үйдің есігіне дейін әкеліп береді. Көмекке мұқтаж жандарға жылу сыйлау өте маңызды. Қайырымдылықтың арқасында өмірлік қиын жағдайда жүргендерге мерекелік көңіл-күй ұялайды, — делінген Қордың үндеуінде.
Еске сала кетейік, «Халық» Қайырымдылық Қоры Қамқоршылық кеңесінің шешімі бойынша, әлеуметтік маңызы бар «Ел тірегі — ЕЛБАСЫ» акциясы соңғы екі жылда бірнеше рет ұйымдастырылды. Он мыңдаған отбасы 2020 жылдың сәуір айынан 2021 жылдың шілдесіне дейін қажетті көмек алып келді. Жалпы салмағы 4 миллион килограммнан жоғары арлығы 80 000 азық-түлік жинағы таратылды.